:: Марқұм ағам Көбейсіннің 100 күндік асына арнау

Просмотров: 859 Рейтинг: 4.9

Бір Әке мен Анадан,

Туған едік бауыр боп.

Әзәзілдер от тастап,

Алшақтатты іргеңді.

 

Босағаңды шегелеп,

Қақпаңды кері қайыртты,

Қос тілекшіңнен бездіріп,

Түндігіңді тас қылды.

 

Нағашың Бекет – пірдің де 150 жылдық асында,

Жалау болып желбіреп,

Жанында бола алмадың,

Ел сыйлаған айбарлы Асқар таудай әкеңнің.

 

Ұлы Жеңіс тойының 50 жылдық мерейінде,

Тағы да жолға шықпадың,

Ардагер Әкең Бердібайға,

Алматы шаһар төрінде,

Бас иіп тағзым етуге.

 

Тілекші болар қарындас деп,

Нұқ пайғамбар сыйлатқан,

Уасила қызын ұлдарына,

Әкең де сол жолменен қоңырау шалып өзіңе,

Шақырып еді арнайы,

Шіреніп төрде отыр деп

Құда болып биікте,

Қарындасыңның тойында.

 

Әттең, әттең Ақ көке-ай,

Мына қысқа ғұмырдың

Қас қағымда өтерін,

Сезбедің-ау бауырым-ай.

 

Жіберіп алдың бәрін сен,

Ұсақ әңгіме жолдас қып.

Келмедің-ау тағы да,

Парыз еді-ау ол да бір,

Азаматтық абыройға

Өтелмесе қалатын

Карыз болып мойында.

 

Бәрін айт та, бірін айт,

Бойыңды ауыр дерт шалып

Асқар тауың Әкеңнің,

100 жылға толған асына

Жеткізбеді-ау арманың,

Жете алмадың амалсыз.

 

Осының бәрі өкініш

Жүрегіңді жылатқан

Ішіңе салып, айта алмай,

Келе де алмай, кете де алмай

 

Жеткізбейтін армандар,

Көбейе берді алдыңда,

Қиясына бақ қонбай,

Қайтып келді қызың да.

 

Ұлыңқайтты алдыңда,

Күндер, жылдар қиналып

Айықпас дертті жеңе алмай,

Жете де алмай мұратқа.

 

Өзегің от боп өртеніп,

Тіл-ауыздан қалғасын.

Іштегі шерді шерте алмай,

Жаутаңдадың баладай.

 

Жанарың жасқа булығып,

Жалғанмен қош айтыстың.

Асыл туған ақ көкем,

Бақыл бол енді, бақыл бол!

 

Құндызы тонды иықта,

Жаға болып іліне алмай,

Арманда кеткен бауырым-ай.

Бақыл бол, енді, бақыл бол!

 

Дара туған Ақ көкем,

Кешірдім сені, кештім мен!

Кешірілмес не қалды?

Ұмыттым Көке, Ақ  Көке

Сөздеріңді қанжардай

Жаралаған жүректі.

 

Кешірдім Көке, кештім мен!

Бақыл бол бауырым, бақыл бол!

Қалимаш Батманова. Алматы қаласы 2020 жыл.

 

Средняя: 4.9 (35 оценок)