:: Оразымбет Әлімбеков. САЙЛАУ ЖӘНЕ ХАЛЫҚ САЙЛАУДЫҢ ҚОҒАМДЫҚ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ АСТАРЫ

Просмотров: 17,558 Рейтинг: 4.0
Халық сайлауға бара ма?

Сайлау – жарыс. Сайлау – күрес. Сайлау – бәсеке. Дәл осы тұрғыдан қарасақ, билік те, ешбір партия, тіпті оппозиция да сайлауға халықтың жаппай қатысқанына мүдделі емес. Әркім тек өзінің жақтастары ғана сайлау учаскесіне келгенін қалайды. Әркім өзінің бәсекелесінен озып, Парламенттен көбірек орын алғанын құп көреді.
Бәрін сайлауға шақырған үндеулері мен жарнамалық роликтеріне қарап, сайлау науқанының төрешісі – Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) ғана халықтың сайлауға жаппай қатысқанына мүдделі сияқты. Шынтуайтында, олай емес. Өйткені, ОСК-ның билікпен ішкі бауы араласып кеткендігі, әмісе билікке іш тартатыны туралы көп айтылады. Сондықтан «Сайлау учаскесіне халықтың көп келгені билікке тиімді ме, әлде оппозицияға тиімді ме?» деген сұрақ ОСК үшін де маңызды.
Биылғы сайлау жаздың қызған шағында өткелі тұр. Күн ыстық, жұрттың көбі демалуға кетеді, бау-бақшасын күтеді, малға шөп, ошаққа отын жинайды – саясат туралы көп бас қатырмайтыны анық. Жылдың бұл мезгілінде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу де қиын. «Альтернатива» актуальды зерттеулер орталығының директоры, саясаттанушы Андрей Чеботаревтың пікірінше, 18 тамызда сайлау өткізу биліктің көздеген мақсатын жүзеге асыруға қолайлы болып тұр. Билік сайлау учаскесіне халықтың аз келгенін қалайды. Сайлауға қатысатын адам неғұрлым аз болса, бұл жағдай - бір адамды бірнеше рет дауыс бергізуге таптырмайтын мүмкіндік. «Өткен жолғы сайлауда мұндай әдіс қолданылған» дейді ол. Бірақ бұл пікірге айтылатын уәж бар – кімнің сайлаушысы демалысқа кетеді, сайлауға қатыспайды? Өткен жексенбіде «31-телеарнада» болған сөз жарыста Патриоттар партиясының жетекшісі Ғ.Қасымов «Билік сайлауды әдейі жазда өткізіп отыр» деп «Нұр Отанның» өкілі Қ.Келімбетовті айыптай сөйледі. Қ.Келімбетов «Кімнің сайлаушысының ақшасы бар, демалуға мүмкіндігі бар, кімнің шамасы жоқ?» деген сыңайдағы сұраулы жауап берді. Шынтуайтында да, кімнің сайлаушысы – билік партиясының ба, оппозицияның ба, сайлауға қатысады, кімдікі қатыспайды – дөп басып айту қиын. Билік тек мына факторды есепке алып отырған секілді. Билік партиясының сайлаушылары – мұғалімдер, дәрігерлер, үлкен кәсіпорынның қызметкерлері. Оларды әкімшілік әдістер арқылы дауыс беруге әкелуге болады. Ал басқа оппозициялық партияларға қиын болады, мүмкіндігінше көп күш жұмсауына тура келеді. Өйткені, оларға да өзінің жақтастарының сайлауға көп келгені дұрыс. Оның үстіне оппозициялық партиялардың аймақтық құрылымдары нашар, қаржылық және адами ресурстары жетімсіз. Партия жетекшілері «әрі кетті» дегенде облыстарға бір рет қана барып қайта алады. Ал «Нұр Отанда» ондай проблема жоқ.
Сайлауға қанша халық қатысатындығы туралы ортақ пікір жоқ. Әлеуметтанушылар жүргізген сауалнама нәтижелері де ала-құла. Кейбір мәліметтерде «сайлауға құқы бар азаматтардың 75 проценті», кейбірінде «35 проценті» деп айтылады. Мұнда тек өткен сайлаулардағы мәліметке жүгініп пікір түзуге болады. Бұған дейін өткен Парламент сайлауының бірде-бірінде бұл көрсеткіш 50 проценттен асқан емес. Тек ең соңғы саяси науқан - 2005 жылғы президенттік сайлауда ғана халықтың саяси белсенділігі жоғары болды, сайлаушылардың 60 проценттен астамы дауыс берді. Бірақ бұған қарап «Жылдан-жылға халықтың саяси белсенділігі артып келеді» деп пікір түюге болмайды. Президенттік сайлауды Парламент сайлауымен, Президенттің  қолындағы билікті депутаттық корпустың өкілеттілігімен тіпті салыстыруға келмейді. Бұл – аксиома ретінде қалыптасқан, басы ашық мәселе. Сайлаушы мұны да есепке алады.
Бұл жолғы Мәжіліс сайлауы пропорционалды негізде, партиялардың өзара жарысы, бәсекесі, күресі түрінде өткелі тұр. Бұл да халықтың саяси белсенділігіне кері әсерін тигізетіні анық. Бұрын Мәжіліс құрамының түгелге жуығы бір мандатты округтардан сайланған депутаттардан жасақталып келді. Әр округтан кем дегенде үш-төрт үміткер саяси бәсекеге түсетін. Әрбір үміткердің артында сенімді өкілдері, қолдаушылары мен уағызшылары жүрді. Олардың үгіт-насихат жасайтын нақты объектісі, нақты территориясы, нақты сайлаушысы болды. Дауыс беруге үгіттеген насихат әрбір сайлаушыға жетті. Электоратты бұлайша оңашалап, бөлшектеп игеру сайлаудың саяси температурасын көтеріп, халықтың делебесін қоздырды. Сайлаушыға да бәрі түсінікті болатын, көзбен көріп, қолмен ұстай алатын объектісі бар еді. Ол – «партия-абстракция» емес, аты-жөні, кескін-келбеті, өмірбаяны бар нақты адам. Адам болған соң, оның ұлты, қазақ болса, руы, туған жері, жасаған жақсылы-жаманды ісі болатын. Қашанғы бақталастық, бақастықтың айтағымен «Бізден де бір депутат шықсын» деп, рулық сезімді қоздырып немесе «Жақсы ма, жаман ба, әйтеуір қазақ қой, соған дауыс берейік» деген әсіреұлтшылдыққа салынып, қалыптасқан саяси көзқарасты тізеге салып жіберген  жағдайлар да болды. Осындай ұлтшыл, рушыл көңіл-күй талай адамды сайлау жәшігінің алдына апарғаны да өтірік емес. Қазір бәрі тіпті басқаша. Партияның аты болғанмен, оның туған жері жоқ, нәсілі, ұлты, руы жоқ. Осы және жоғарыда айтылған басқа да мәселелер халықтың саяси белсенділігін төмендететіні анық.
Парламент сайлауы мен жергілікті мәслихат сайлауының бірге өтуіне қарап, «Халықтың саяси белсенділігі артады, сайлауға көп келеді» деушілер бар. Бұл – ұшқары, тіпті негізсіз пікір. Екі дос жігіттің үйлену тойын біріктіріп өткізгенге дөп келетін арифметика сайлауға келгенде – жүрмейді. Қазақы саяси дәстүр мұны талайдан бері дәлелдеп келе жатыр. Халықтың ең аз қатысатын саяси науқаны – мәслихат сайлауы. Біріншіден, мәслихат депутатына ешкім үміт артпайды. Өйткені, оның қолында ешқандай билік жоқ. Екіншіден, «Бәрін, кімнің депутат болатын-болмайтынын әкім шешеді» деген түсінік толық орныққан. Әкімшілік ресурстарға сүйенген әділетсіздік бүткіл билік жүйесінің бойында бар. Бұл талай саяси науқанда халықтың сағын сындырып, саяси жігерін құм етті. Қоғамда сайлауға деген сенім жоғалды. Бұл – ұзаққа созылатын қоғамдық-саяси кесел. Одан 18 тамызға  дейін құлан-таза айығып шығуы мүмкін емес.

Халық сайлауға не үшін барады, не үшін дауыс береді?

«Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос Көшім – ешбір саяси партияның мүшесі емес. Бірақ ол міндетті түрде сайлауға барып, өзі қалаған бір партияға дауыс береді. Оған қазақ ұлтының проблемаларына көңіл бөлетін партия жақын. «Нұр Отанның» саясаты оған түсінікті, Ж.Тұяқбай басқаратын ЖСДП-ның да бағдарламасымен танысып шықты. Әзірге өзінің саяси көзқарасын анықтаған жоқ. Қазір «Ақ жолдың» бағдарламасын оқып жатыр. Бәрін оқып, бәрін түсініп, таңдау жасап, сайлауға барған сайлаушы – саяси позициясы анық, саяси ерік-жігері берік сайлаушы. Бірақ ондай адамдар аз. Д.Көшімнің пікірінше, олар электораттың 2-3 процентін ғана құрайды. Сайлаушы психологиясымен қол үзбей шұғылданып келе жатқан философия ғылымдарының докторы, әлеуметтанушы Марина Сәбитова ондай сайлаушылардың саны үгіт-насихат жұмыстарын халықпен етене жүргізгенде ғана арта түсетінін айтады. Мысалы, әрбір үйге барған үгітші сайлаушыны әңгімеге тартып, партия бағдарламасын қолына ұстата алса, сөз жоқ, оны оқиды. Әрине, мұнымен билік партиясы шұғылданбайды. Өйткені, сайлаушыға тез әрі тиімді ықпал ететін құрал – телеарналар «Нұр Отанның» қолында, сайлаушының миына ақпараттық-идеологиялық экспансия жасауға мүкіндігі мол. Сондықтан билік партиясы әрбір сайлаушының үйіне барып, кішірейіп, қиылып-өтініп жатуды жөн көрмейді.
Сайлауға қатысатын адамдардың тағы бір бөлігі – «дәстүршілдер». Олар – Кеңестер Одағының темір тәртібіне үйреніп қалған, орта жастан асқан адамдар мен зейнеткерлер. М.Сәбитова «дәстүршілдердің» қатарына Қазақстандағы диаспора өкілдерін де жатқызады. Оның ойынша, қазақтан басқа ұлттар сайлауға өзінің осы мемлекеттің құрамында бар екенін білдіру үшін  барады. Олар қазіргі билікке, соның партиясына дауыс береді. Мәселен, Қырғызстандағы «қызғалдақ төңңкерісі» кезінде елдің оңтүстігінде тұратын өзбектер А.Ақаев режимін қолдаған. Олар әрқашан билік жағында болды. Бұл пікірді Д.Көшім де қолдап отыр. Қазақстандағы диаспоралардың, әсіресе орыстардың жағдайы қазақтарға қарағанда жақсы: діні мен тілі шеттеу көріп жатқан жоқ. Бәрі орыс тілінде сөйлейді. Бұл – жұмысқа тұруға, бизнес жасауға қолайлы жағдай. Сондықтан олар қазіргі саяси жағдайдың өзгермегеніне мүдделі. «Электораттың бұл бөлігі қазақтарға қарағанда өзімшіл, саяси белсенді, енжар емес» дейді Д.Көшім. Мысалы, екі жыл бұрын Алматы қалалық мәслихатының босаған депутаттық мандаты үшін Айнабұлақ округі бойынша қосымша сайлау өтті. Негізгі бәсекелесушілер «31-теларнаның» журналисі А.Габченко мен жергілікті емхананың бас дәрігері еді. Бас дәрігерді Айнабұлақтың әрбір адамы танитын, жұрттың да оған ықыласы дұрыс болатын. Ал А.Габченко – Бостандық ауданының тұрғыны. Айнабұлақ халқының басым бөлігі – қазақтар. Бірақ жеме-жемге келгенде, сайлау күні қазақтар салғырттық танытты – дауыс беруге қатыспай қалды. Дауыс беруге қатысқан алты жүзден сәл ғана астам сайлаушы А.Габченконы жеңіс тұғырына көтерді.
«Жаппай» демей-ақ қояық, сайлауға белсенді қатысатындар - әкімшіл бұйрықпен баратын сайлаушылар. Олар – мұғалімдер, дәрігерлер, бюджет саласы мен мемлекеттік кәсіпорындардың жұмысшылары, әскерилер мен әскер қатарында азаматтық борышын өтеп жатқан жауынгерлер. Бұлардың қатарына олигархтық топтарға қарайтын үлкен кәсіпорындардың жұмысшылары да кіреді. Оларды «Нұр Отан» партиясы сайлаушыларының ядросы» десе де болады. Бірақ оның бәрі «билік партиясына дауыс береді» деп кесіп айту қиын. Сайлау жасырын дауыс беру арқылы өтеді. «Иә, «Нұр Отанға» дауыс берем» деген уәдесін алғанмен, сайлаушының бюллетеньге белгі соғатын кабинаның ішінде қандай таңдау жасайтынын қадағалай алмайды. Әлеуметтанушылардың жүргізген сауалнамасына жүгінсек, «сайлауға қатысам» деген адамдардың жартысына жуығы өзінің саяси көзқарасын, қайсы партияға дауыс беретінін әлі анықтамаған. Саясаттанушы Д.Көшім «Мұның басым бөлігі қазақтар болуы мүмкін» деген болжамды жоққа шығармайды. Партиялар арасындағы басты талас осы электорат үшін жүреді. Д.Көшімнің пікірінше, ұлт мәселесін анық әрі қорқасоқтамай көтеретін партия ғана осы электораттың даусын алуы мүмкін. Бұл – негізінен оппозицияшыл партиялардың объектісі. Бірақ дәл қазір партия бағдарламасын, мақсат-мүддесін түсіндіруге уақыт тар. Сондықтан бұл электораттың басым бөлігі сайлау учаскесіне шешімсіз келеді, таңдауды сайлау кабинасының ішінде жасайды. Әлеуметтанушы М.Сәбитованың айтуынша, сайлаушылардың бұл типі партиялардың атауына, лидерлерінің беделі мен халық арасындағы танымалдығына қарап таңдау жасайды. «Ақ жол», «ауыл», «патриот», «рух» («Руханият» партиясы), «отан» сөздері халыққа түсінікті, тіпті кейбірі қазақ үшін киелі ұғым. Дегенмен, «отанға» «нұр» сөзін жалғау билік партиясына деген әрі-сәрі көңіл-күйді тіпті ортайтып тастады. «Нұр Отанның» атауына тек партияның айнымас ядросы ғана оң пікір білдіруі мүмкін. «Ауыл», «патриот», «рух» сөздері де сайлаушының делебесін қоздырмасы анық. Өйткені, бұл сөздермен байланысты партиялар тым әлсіз, халыққа танымал емес. Саяси науқандар аралығында белсенді қоғамдық жұмыс жүргізген жоқ. Сайлауларда биліктің ыңғайында болды. ЖСДП – Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның атауы сайлаушы үшін тіпті түсініксіз. Социал-демократияның нені білдіретінін жұрт білмейді, білген күнде де емескі, там-тұм ғана. Оның екі себебі бар. Біріншіден, партиялар бағдарламасына сай классикалық түрде саяси спектрге жіктелмеген – кімнің солшыл, кімнің оңшыл екені белгісіз, сондай-ақ бас пен жақты ажыратып жатқан ешкім жоқ. Екіншіден, ЖСДП – жас партия, саяси аренаға шыққанына бір жыл болды. Саяси құрылым ретінде халыққа таныла қойған жоқ. Оның үстіне қазақ қоғамы қысқарған сөздерге үрке қарайды, сенімі аз. Бұл әлі зардабы кете қоймаған СССР, КПСС, ОГПУ, НКВД, КГБ, ГСК (Государственный следственный комитет, Ж.Тұяқбай осы органның төрағасы қызметін атқарған) және т.б. сол сияқты аббревиатуралардан қалған тарихи жадпен байланысты сияқты.
Саяси жорамал жасап, топшылау айтушылар бұл сайлауда бәсеке екінші орын үшін болатынын айтады. Яғни «Нұр Отан» сөзсіз көп дауыс алады, бірінші орында. Ал екінші орын үшін бәсеке «Ақ жол» мен ЖСДП арасында болатынға ұқсайды. Бұл тұрғыдан «Ақ жол» ЖСДП-ға қарағанда әлдеқайда ұтымды позицияда тұр: бес жылдық тарихы бар; бұдан бұрынғы Парламент сайлауында демократиялық жаңғыру процесінің феномені болды; қазақ қоғамы өзінің болашағын партия атымен байланыстырды; өткен президенттік сайлауда партияның лидері Ә.Бәйменов дәл сол «Ақ жолдың» туын көтеріп шықты; партиядан бөлініп шыққан «нағызақжолдықтардың» қысымына төтеп берді, «Ақ жол» брендін сақтап қалды.
М.Сәбитованың айтуынша, ЖСДП-ның атауына қатысты кезінде ескерусіз қалған олқылықты қазір партияның саяси технологтары түзетуге күш салып жатыр. Олар партия атын оның «беделді-ау» деген лидерлерінің есімімен байланыстырып, шырмамақшы. Сайлау бюллетені тізіміндегі ЖСДП-ны көзі шалған сайлаушының есіне Ж.Тұяқбай яки Б.Әбілев түсетіндей етпекші. Шындығында да, лидер мен партия атауын байланыстыру, бірін айтса, бірі ойға оралатындай етіп тұтастырып жіберу, ассоциация жасау - өте ұтымды саяси технологиялық шешім. Бірақ бұл жерде жсдп-лық саяси технологтар екі нәрсені ескермей отыр. Біріншісі, ол партия лидерлерінің – Ж.Тұяқбай мен Ә.Қосановтың және оларға қосылған «нағызақжолдық» О.Жандосов, Б.Әбілов пен Т.Жүкеевтің принципшілдігі мен азаматтығы. Алғашқы екеуі азаматтыққа сын сағат туған Желтоқсан оқиғасында баррикаданың арғы бетінде болды. Ж.Тұяқбай – кеше ғана «Отанның» жетекшілерінің бірі болып, партияға да, Н.Назарбаевқа да қолдау көрсетіп, халықты дауыс беруге жанын салып үндеген адам. Халық оның биліктен не үшін кеткені тұрғысында нанымды пікірін әлі естіген жоқ, тек топшылаумен жүр. Саяси принципшілдік тұрғысынан қарасақ, олардан тек Ә.Қосановты ғана ажыратып алуға болады. Ол – жас та болса, «кәрі», әрі кәнігі оппозиционер. Ал соңғы үшеуінің салиқалы саясаткерліктен гөрі конъюнктурашылдығы, саяси жалтақайлығы басым. Өздерін «Нағыз Ақ жолмыз» деп атап, «Ақ жолдың»,  дәлірек айтсақ, Ә.Бәйменовтың туын жығу үшін бар күшін салды. Тіпті «Барлық саяси жұмысы осы ғана болды» десе де, артық айтқандық емес. Осы жолы олардың конъюнктурашылдығы тіпті айқын көрінді. «Нағыз Ақ жолды» жарты жолда тастап, артынан ерген мыңдаған адамның сенімін тәрк етіп, ЖСДП-ға қосылып кетті. Сондай-ақ «Нағыз Ақ жол» атауы, әлбетте, марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлын еске түсіреді. Сол тұрғыдан келгенде, партияның ЖСДП-ға қосылуы, жойылуы, көпшілікке саяси солқылдақтық қана емес, әлі топырағы суып үлгермей жатып, А.Сәрсенбайұлын ұмыту, сатқындық сияқты болып көрінгені жасырын емес. Екіншіден, ЖСДП-ның саяси технологтары бір нәрсені және басты нәрсені – сайлаушының тарихи жадын ескермей отыр. Сайлаушының басы өшіріп тастап, қайта жазатын компьютер емес - бәрі есінде. Жады көмескіленуі мүмкін, бірақ қызуқанды саяси науқан оның жадын жаңғыртып отырады. Бүгін үйіп-төгіп уәде беріп жатқан Ж.Тұяқбайдың да, Б.Әбілов пен Ә.Қосановтың да кешегі іс-әрекетін бір сәтте көз алдына алып келеді. Әрине, дәл қазір әрбір сайлаушының ойында не бар екенін ешкім білмейді.  Бір жапырақ сайлау бюллетенімен бетпе-бет қалғанда ұлы мәртебелі Сайлаушы өзінің патша көңіліндегі кесімді сөзін айтады. Ол партияны емес, өзінің тағдырын – болашағын таңдайды.

«Ар.kz» газеттен алынғаң

Средняя: 4 (2 оценок)

С народной психологией разобраться сложно. Когда синусоида совпадает, получается революция. И она не всегда зависит от сытости или пустоты желудка. Но революция нужна? Или нет? Вот гамлетовский вопрос. Думаю пока рановато, получится полу-революция. Лучше ее делать в сферах не связанных напрямую с "народной психологией"

Комментарии

Жаке? Қазақша шандатып пер_п жатырсың гой! Дұрыс болды.

Устанған бағытпен баса бер, баурым!

Әй, ессуастар! Қайдағы "шандатып" жаман сөз айтып жүрс_ндер?

Борандатып, борандатып келе жатыр қазақшасы шыққан Диалог!!!!

Возложение И.О президента на Б. Абилова(жузсовет). ЦРУ агенты: Нацбанка, правительства, парламента. Казахгеит энергобезопасность запада. Бомбозапасы евродоллара(80млрд). Палачи - тенге, нацконкурентоспособности: финсектор, СМИ, Нур Отан. Грады на селокостях. Антирынок посреднУК(90%). Лицензирование доходов казвредительства, дестрахования импорта, гос-кап-продукции(услуг), соцобеспечение - налогообложения семья убытков. Враг органы вне госбухгалтерии(консолидотчетности). Визы-гражданство-прописка-финпаспорта, резервации рецидив-сепарат-террор-наркобаронов МВД, КНБ. М Ишаев Ставка ордабасы ООН РК тел 662891, +77016711095 адрес: znanie_sila_kz@mail.ry

Якши макала. Аналитика прикольная. Редко на госязыке такие материалы живые почитаешь

Ваш комментарий

Халық сайлауға бара ма? Котак барады! Онкей жексурундар

Макала якши. Но ОСДП-ға жаман. Оздерине сол керек. Оразымбетти ренжиткен-ау олар.

Мынау Ораз емес пе? Ораз Алимбеков. Неге Оразымбет болып атын озгертип алган. Конспирация емес пе? Кимнен жасырынып жур?