:: «САЯСИ КҮРЕС САЯСИ ТЕХНОЛОГИЯҒА АЙНАЛДЫ»

Просмотров: 25,471 Рейтинг: 3.3

Қазақстан әлеуметтанушылар мен саясаттанушылар қауымдастығының президенті Бақытжамал Бектұрғановамен сұхбат

- Бақытжамал ханым, 18 тамызда болатын сайлауға сайлаушылар бара ма? Барса, олар не үшін барады?
- Біз сайлау науқаны басталғанға дейін бір апта бұрын сауалнама жүргізгенімізде, халықтың 47,5 проценті сайлауға қатысуға ниет білдірген. Оның 80 проценті дауыс беруге баруды түбегейлі шешкен. Одан бері біршама уақыт өтті. Сайлау кампаниясы, үгіт-насихат жұмыстары халықтың көңіл-күйін өзгертті. Дәл қазір сайлау құқы бар адамдардың 50,6 проценті сайлауға қатысуға ниеттеніп отыр. Оның 46,4 проценті түбегейлі шешімге келген. Қалғаны әлі қатысу-қатыспауын анықтамаған сияқты. Сайлауға қатысуға ниеттеніп отырғандардың көпшілігі Президентті, оның партиясы «Нұр Отанды» қолдайды. Олар Президент Н.Назарбаевтың қазіргі саяси-экономикалық бағытын қолдап, саяси тұрақтылық пен экономикалық ілгерілеу үшін дауыс береді. Президенттік сайлауда да солай болған. Сайлауда негізінен Президенттің жақтастары белсенділік танытты. Қазір де сол үрдіс жалғасуда.
Сайлау басталмай тұрып, қазіргі режимге қарсы электорат бұйығы болды. Саяси кампания кезінде бұл электораттың да белсенділігі артқан сияқты. Мысалы, оппозициялық партиялар – «Ақ жол» мен Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясында (ЖСДП)  ілгерілеу бар. «Нұр Отанның» рейтингі төмендеген. Қазір «Нұр Отанға» – 38,3; ЖСДП-ға – 6,1; «Ақ жолға» – 6,9 процент қала халқы дауыс беруге дайын. Ал қалған 4 партияның мүмкіндігі аз, тіпті «жоқ» деуге болады, олар әрі кеткенде 2 проценттің маңайында жүр. Жеті проценттік сайлау кедергісінен «Ақ жол» мен ЖСДП өтетін сияқты. Оған  олардың ресурсы жетеді. Алда сайлау кампаниясының белсенді кезеңі тұр. Әдетте партиялар сайлау науқанының соңына қарай күш салады. Ал қалған 4 партия осы шамада қалады. Бұл олардың жасап жатқан жұмыстары мен мүмкіндігінен анық көрініп тұр.
- Сайлау алдындағы сауалнама нәтижелеріне қарағанда, халықтың жартысы сайлауға қатысатын-қатыспайтынын шешпеген еді. Қазіргі жағдай қандай?
- Сайлау алдында бір апта бұрын жүргізген сауалнамада қала тұрғындарының 40 процентке жуығы өздерінің сайлауға бару-бармауын анықтамаған болса, қазір олардың саны көбейді – 44 проценттен жоғары. Бұл партиялардың кампанияны әлі мимырт жүргізіп жатқанын көрсетеді. Өйткені, халық партия бағдарламасы мен партиялық тізімде қандай адамдардың бар екені түгілі, партияның атының өзімен еміс-еміс таныс. Әлеуметтік сауалнама нәтижелеріне қарасақ, қоғамның белсенді қозғаушы күші – жастар бұл сайлауға тіпті ынта танытпай отыр. Белсенді сайлаушылар әдеттегідей зейнеткерлер, мемлекеттік қызметкерлер, мұғалімдер мен дәрігерлер болады.
- Бақытжамал ханым, халықтың сайлауға көп немесе аз қатысқанына кім мүдделі?
- Халықтың жаппай демалатын уақыты – жаз мезгілінде өткізуіне қарағанда, дауыс беруге сайлаушылардың аз келгеніне билік мүдделі. Билік өзіне пайдалы болатын кез-келген мүмкіндікті жібермейді. Сайлауды 18 тамызға белгілеу арқылы билік сайлаушылардың бір бөлігін қатыстырғысы келмей отыр. Егер халықтың жаппай сайлауға қатысқанын қаласа, билік бүйтпес еді. Керісінше, оппозициялық партиялар сайлауға көп адамның қатысқанын қалайды. Өйткені, көп адам қатысқан сайлауда қазіргі режимге қарсы адамдардың көбірек болатыны – белгілі жайт. Бірақ билікке қарсы электорат әрқашан «Барсам ба, бармасам ба?!» деген екіұдай ойда жүреді. Қазақстандағы билікке қарсы электораттың саяси белсенділігі нашар. Олар қазіргі режимге деген қарсылығын тек отбасы, ошақ қасында ғана айтады. Шешуші сәтте қолды бір-ақ сілтеп, дауыс беруге бармай қояды. Дәл осындай жағдай президенттік сайлау кезінде болды. Қарсыласушы электорат шешуші сәтте оппозицияны «лақтырып» кетті. Бұған оппозицияның өзі де кінәлі. Өйткені, олар сайлаушыға бетпе-бет барып, етене жұмыс істеген жоқ. Осылай етер болса, тағы да сол кездегі жағдай қайталануы мүмкін. Өйткені, оппозициялық партиялар бұл сайлауға дайындала алмады, тіпті сайлаудың 18 тамызда болатынын болжай алмай қалды. Уақыт тар. Оның үстіне, менің ойымша, оппозициялық партиялар сайлау кампаниясын өте сылбыр жүргізіп жатыр. Бұлай болмайды. Өйткені, сайлаушылардың көбі демалыста, саяжайында, жазғы науқандық жұмыстармен шұғылданып жүр – саясаттан тіпті алыста. Сондықтан оппозиция оларды дауыс беруге әкелу үшін әдетегісінен екі есе  көп жұмыс жасап, күш салуы керек. ЖСДП-ға келсек, оның жағдайы тіпті қиын. Бұрын олардың лидерлерінің жартысы өздерін «нағызақжолдықтармыз» деп атады. Қазір ЖСДП-ның атын жарнамалап жүр. Халықтың көпшілігі «Нағыз Ақ жолдың» социал демократтарға қосылғанын білмейді. «Қосылғанын білді» дейік, онда «Не үшін қосылды?» деген сұрақ туады. Мұның бәрін түсіндіріп, сайлаушыны ұйыту қиын. Оған біршама уақыт керек. Бірақ ондай уақыт өте аз. Тіпті «жоқ» десе де болады.
«Елдегі саяси процестерден аз да болса хабары бар» дегендердің өзі шатасып жүр. Екі коммунистік партияның қайсысы Әбділдиндікі, қайсысы Косаревтікі екенін білмейді. С.Әбділдиннің партиясы сайлауға бойкот жариялады. Бірақ оның жақтастары мұны білмейді, шатасып, Косаревтің коммунистік партиясына дауыс беруі мүмкін. Сауалнама жүргізгенде байқағанымыз –  көп адамдар Б.Әбілевті «Ақ жол» партиясының төрағасы екен» деп жүр. Олар «Біз Б.Әбілевке – «Ақ жолға» дауыс береміз» дейді.
- Партия лидерлерінің халық арасындағы танымалдығы қандай?
- Нашар. Бірақ Ж.Тұяқбайдың рейтингі біршама өскен. Президенттік сайлауда оны тіпті жұрт танымайтын. Дегенмен оның беделі бұдан асып өсе қоймайды. Өйткені, ол харизмалық тұлға емес. Қазір алдына жан салмай тұрған – Нұрсұлтан Назарбаев. Оны жұрттың бәрі біледі. Ә.Бәйменовтің және оның партиясы «Ақ жолдың» танымалдығы біршама жақсы. Сірә, оның себебі – кеш те болса депутат болып, Мәжілісте, түрлі мемлекеттік комиссияда жұмыс істегендігінен болса керек. 
Ал партияларға келетін болсақ, Қазақстанда әлі азаматтардың мүддесін, олардың билік институттарына араласуын қамтамасыз етіп отырған бірде-бір партия жоқ. «Алдыңғы қатарлы партия» деп есептелетін саяси құрылымдардың өзі – «картельді» партиялар. Яғни өздерінің саяси, әлеуметтік сараптама жасайтын орталықтары, қаржыландыратын коммерциялық құрылымдары, ақпарат құралдары бар. Бірақ ол партиялар көпшіліктің саяси көзқарастарына арқа сүйемейді. Сондықтан оларды саяси құрылым ретінде қарастыру мүмкін емес. Сондықтан халық «Мынау – менің партиям» деп меншіктей алмай отыр. Мысалы, «Ораз Жандосов депутат болсын» дейік, сонда ол кімнің мүддесін қорғайды? Бизнесмендердің бе, жұмысшылардың ба, шаруалардың ба, мұғалімдердің бе? Оны халық білмейді. Сол сияқты О.Жандосов та кімге арқа сүйеп отырғанын – әлеуметтік базасын білмейді. Партиялардың да сайлауға алып шыққан ұрандары түсініксіз, анық саяси мағынасы жоқ. Мысалы, «Нұр Отанның» «Тек қана бірге, тек қана алға!» деген ұранын алайық. Кіммен бірге, кіммен алға бармақшы?! Ол арасы түсініксіз.
Қазір қоғам әлеуметтік жағынан бөлшектеніп жатыр. «Орта дәулетті адамдар» деп жүргендердің негізін бізде мұғалімдер мен дәрігерлер құрайды. Ал оппозиция болса, «Біріне – тегін білім, біріне – тегін медициналық қызмет» немесе «Мұнайдан түскен пайданы бөліп берейік!» деген большевиктік ұрандар көтеріп жүр. Ал мұғалімдер тегін оқытып, дәрігерлер тегін емдей ме екен? Мұны олардан сұраған ешкім жоқ. Онсыз да мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысы тым аз. Осы сияқты популизм демократияны тұншықтырады. Сайлауға баратын халықтың түгелге жуығында идеологиялық бағыт жоқ. Оларда өздерінің саяси көзқарастарын салыстырып, таңдау жасай алатын саяси құрылым жоқ. Сондықтан жұрттың көбі «Президенттің қазіргі саяси-экономикалық-әлеуметтік реформалары жалғасын тапса, өлмеспіз» деген оймен отыр.
- Бәсекелесуші негізгі үш партияның электораты кімдер? Олардың ара-жігі ашылған ба?
- Бәрінің электораты бір: зейнеткерлер, студенттер, мұғалімдер, дәрігерлер, кәсіпкерлер, өзін-өзі асырап жүрген жұмыссыздар. Яғни 10 мыңнан 30 мыңға дейін айлық табыс табатын адамдар. Өйткені, үш партияның да саяси идеологиясы жоқ. Оны олардың бағдарламалары мен саяси ұрандарынан байқауға болады. Үш партияның электоратының ара-жігін аздап болса да былайша бөлуге болады: «Нұр Отанға» қазіргі саяси-экономикалық курсты қолдайтын және «Өстіп-өстіп түзеліп кететін шығар» деп үміт артатын, бірақ аздап сын көзбен қарайтындар дауыс береді. «Ақ жолдың» электоратының ауқымы өте кең. Оны «Нұр Отанның» электоратының бір бөлігі және қазіргі режимге аздап сын көзбен қарайтындар, сондай-ақ оппозицияшыл халық қолдайды. Ал ЖСДП-ға қазіргі режимге аса көңілі толмайтындар, әсіресе радикалдар дауыс береді. Бірақ бізде саяси радикал электорат тым аз.
- Сайлаушылар ұлттық ерекшеліктеріне байланысты бөлінген бе? Қазақтар қайсы партияны қолдайды?
- Халықтың басым бөлігі – қазақтар. Сондықтан белсенді электоратта да қазақтардың саны басым. «Нұр Отан» мен ЖСДП-ның қолдаушыларының ішінде қазақтар да, орыстар да бар. Ал «Ақ жолды» қолдайтындардың басым бөлігі – қазақтар.
- Сауалнаманы қай жерлерде жүргіздіңіздер?
- Мұның бәрі – аудан, облыс орталығы, яғни қала тұрғындары. Сауалнамада негізінен солар қамтылған. Ауқымды сауалнама жүргізуге біздің қаржылық мүмкіндігіміз жоқ. Сайлауға қатысты сауалнаманы өз күшімізбен, күнделікті жұмыстармен қабаттастырып жүргізіп отырмыз. Біздің бөлімшелер тек қалалық жерлерде орналасқан. Сондықтан ауылдық жерлерге шыға алмаймыз. Оқырманды шатастырмас үшін мен жұрттың мына нәрсеге көңіл бөлуін сұраймын: менің әңгімемде бәрі дерлік қала халқының пікіріне, солардың саяси көңіл-күйіне қатысты айтылады.
- Саясаттанушылардың көбі «Белсенді әрі қазіргі режимге қарсы электорат – ауыл тұрғындары» деген пікір айтады. Ауыл тұрғындары – өзіңіз білесіз, қазақтар.  Олар қайсы партияны қолдайды?
- Мен бұл пікірмен келісе алмаймын. Зерттеу жұмыстарының нәтижелеріне қарасақ, ауыл тұрғындары консервативті, бұйығы. Олар билікке – Н.Назарбаевқа – «Нұр Отанға» дауыс береді. Бұрын да солай болған, бұл сайлауда да солай болады. Саяси белсенді халық қалада тұрады. Және олар тез саясаттанады. Билікке қарсы электораттың да ошағы – қала. Бірақ сайлау биліктің ойлағанындай өтеді. Билік жағдайдың бәрін өз мүддесіне сай ыңғайлап қойды. Оппозициялық партиялардың өкілдері билікте болған жоқ, болса да, олар Парламентте бірді-екілі адам еді. Үкімет жанынан құрылатын түрлі комиссиялар құрамында да болған жоқ. Телеарналарға шығып, өздерінің мақсатын айтып, халыққа жеткізе алмады. Халық оппозициядан не үшін үміт күтетінін білмейді. Халық тек «Нұр Отанды», Президент Н.Назарбаевты ғана біледі, билік солардың қолында екенін біледі. Сондықтан халық билікке үміт арта қарайды. Сол үміт үшін дауыс береді.
- Бақытжамал ханым, сайлаушыға сайлау кампаниясының басында жүргізген үгіт насихат жақсы әсер ете ме, әлде 18 тамызға таман жүргізген насихат жақсы әсер ете ме?
- Әрине, кампанияның соңына қарай жүргізілген үгіт-насихат сайлаушыға жақсы әсер етеді. Мұны партиялардың саяси технологтары жақсы біледі. «Халықтың жады, есі бар, бірақ ұмытшақ» деген сөз бекер айтылмаған. Әрине, бұрынырақ айтылған насихаттың да әсері болады. Бірақ ол уақыт өте келе көмескіленеді. Сондықтан шешуші сәттің алдында бұрын айтылғандарды еске салып, жадын жаңғыртып отырмаса, болмайды. Сонымен қатар кампанияның соңына қарай үгіт-насихатты күшейту керек. Сонда ғана халық өз пікірін түзіп, қай партияға дауыс беретінін түбегейлі шешіп, дауыс беруге барады. Ондай сайлаушы дауыс беру жәшігінің алдында «Кімге дауыс берсем екен?» деп аңтарылып тұрмайды.
- «Нағыз Ақ жол» мен ЖСДП-ның бірігуі оппозицияны күшейтті» деген пікір бар. Шынымен де солай ма?
- Мұның бәрі – жалған. О.Жандосов, Б.Әбілев, Т.Жүкеевтің не істеп жүргенін қарайықшы. Биліктен кетіп, оппозицияға келді де, ДВК-ны құрды. Одан кетіп, «Ақ жолды» құрды. Оны бөліп, «Нағыз Ақ жолды» құрды. Партиясы бола тұра, Ж.Тұяқбайды шақырып, «Әділетті Қазақстан үшін» ұйымын құрды. Бұл ұйымға ескі оппозицияны тартып, басын біріктірген болды. Коммунистерді тартты. Соңы не болды? Бірден-бір нақты электораты бар коммунистік партия екіге бөлінді. Әбділдиннің коммунистері «Әділетті Қазақстанның» көлеңкесінде қалып, жоғалды. Енді олардың аяғынан тұруы неғайбыл. Ал «нағызақжолдықтар» ЖСДП-ға қосылып, тіркеуде тұрған партияны тағы жойып тынды. Осы аралықта бұрынғы принципшіл оппозиция да жоғалды. Мұның бәрін олар әдейі істеген сияқты. Саяси ұйым құрады, оны артынша өздері жояды. Саясаткер осылай жасай ма? Анадан кетіп, мынаған қосылып жүре берсе, халық оларды қайдан іздейді, қай жерде қуып жетеді? Ондай саясаткерлерге қалайша сенеді? Басында либерал, кейін демократ болды. Енді коммунистік идеологияға жақын социал-демократқа айналды. Оларда принцип бар ма өзі? Кімдер олар?! Ондай адамдарға халық билікті қалай сеніп тапсырады? Ертең өзара ұрысып-таласып, бөлініп жатса, Қазақстан да бөлінуі керек пе?!
- Сонда олардың басында не ой бар?
- Конъюнктурадан басқа ештеңе жоқ. Қайтадан билікке жетіп алғысы келіп жүр. Одан басқа арман жоқ оларда. Қазіргі оппозиция – номенкулатура, бұрынғы шенеуніктер, бизнесмендер. Олар бұйырып сөйлеп әдеттеніп қалған. Оппозицияға келді де, бәрін бір шыбықпен айдады. Бұрынғы билікпен қайтпай күрескен, принципшіл оппозицияның орнын тартып алып, оларды тентіретіп жіберді. Саяси күресті саяси технологияға айналдырып жіберді. Енді бәрін бітіріп, билікке қайта келмекші. «Бізге қарсы лас технология қолданып жатыр» деп шулайды да, өздері дәл сондай лас әдістерді қолданады. «Демократпыз» дейді, бірақ істеп жүрген шаруаларына сын көзбен қарау жоқ.
- Олардың бұл тірлігінен халық хабардар ма? Біле ме?
- Әрине, біледі. Алматыдағы орталық әмбебап дүкенде (ЦУМ) істейтін менің бір таныс қызым Б.Әбілевтің ісін жыр қылып айтып жүр. Б.Әбілев «Отан» партиясының белсенді мүшесі болғанда өзіне қарасты ЦУМ дүкенінің қызметкерлерін «Әйтпесе, жұмыстан шығарамыз» деп, әлгі партияға кіруге мәжбүрлеген. «Отаннан» кетіп, «Ақ жолды» құрғанда дүкеннің қызметкерлерін тағы мәжбүрлеп, арыздарын басқаша жаздырған. Бұл сонда қандай демократ?! Әлгі қыз «Дүкенді басқа біреудің сатып алғаны жақсы болды. Әйтпесе, қазір бәрімізді ЖСДП-ға кіруге мәжбүрлейтін еді» деп жүр.
- Қазір бірнеше әлеуметтану институттары халық арасында сауалнама жүргізіп, нәтижелерін баспасөзде жариялап жатыр. Әсіресе саяси науқан кезінде сауалнама жүргізетін ұйымдар тіпті көбейіп кетеді. «Әлеуметтану институттары – қоғамдағы саяси көңіл-күйдің шынайы индикаторы емес, саяси технологияның, сайлаушыға әсер ету үшін жасалатын үгіт-насихаттың құрамдас бөлігі» деген де пікір бар. Мұндай жағдайда сауалнамаға сенуге бола ма?
- Бұл сұрақты маған жиі қояды. Мұның себебі де жоқ емес. Сайлау басталса, әлеуметтану мекемелерінің көбейіп кететіні де рас. Олар сауалнаманы әлеуметтану ғылымының критерийлеріне сай жүргізіп жатқан-жатпағандығын ешкім айта алмайды. Мен өзім басшылық ететін мекеме туралы ғана айта аламын. Әлеуметтанушылар мен саясаттанушылар қауымдастығы (АСИП) 1994 жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр. Бұл да көп жайтты аңғартса керек. Бізге бүгін бар, ертең жоқ коньюнктурашылдық тән емес. Әлеуметтанумен үзбей шұғылданып келе жатқан бірден-бір мекеме – біз. Екіншіден, біз халықаралық ұйымдардың гранттарын алып, солардың қаржысына күн көріп отырмыз. Өкіметке немесе қандай да бір партияға қызмет етпейміз, тәуелсіз ұйымбыз. Үшіншіден, біз аты бар да, заты жоқ мекеме емеспіз, орталық кеңсеміз ғана емес, еліміздің көптеген қалаларында бөлімшелеріміз бар. Қызметкерлеріміздің бәрі дерлік – кәсіби әлеуметтанушылар, саясаттанушылар, барлығы – арнайы курстардан өткен мамандар. Сауалнама жүргізгенде бұл да – маңызды нәрсе. Сондықтан біз әлеуметтік сауалнаманы жоғары кәсіби деңгейде жүргіземіз. 
Әрине, биліктің немесе белгілі бір партияның беделін асқақтатып көтеру үшін құрылған әлеуметтану ұйымдары да бар. Олар тапсырыс бойынша жұмыс жасайды. Олардың мақсаты – қоғамдағы шынайы көңіл-күйді білу емес, өздерінің пайдасына сай келетін қоғамдық пікір түзу немесе қоғамдық пікірді бағыттау, бұру. Мұны «пиар-технологияның бір бөлшегі» деп қарастырған жөн.
- Баспасөзде Әлеуметтік технологиялар орталығының  шілде айының ортасында жүргізген зерттеуі жарияланды. Онда ЖСДП-ға - 20,1; «Ақ жолға» - 3,1  процент беріпті. Бұл сіздер жасаған сауалнама нәтижелеріне тіпті кереғар. «Бұл қайдан шыққан сауалнама?» деп зерттеп қарасақ, орталықтың жетекшісі  көптен бері ЖСДП-ның маңайында жүрген журналист Асылбек Абдулов екен. Бақытжамал ханым, осы орталықтың әлеуметтік зерттеуіне сенуге бола ма?
- Бұл әлеуметтану орталығы – жақында жасақталған құрылым. «Нағызақжолдықтар» құрды» деген сөз бар. А.Абдуловты білемін – кәсіби деңгейі жақсы журналист, бірақ әлеуметтану саласына не үшін барғанын түсінбеймін. Оның орталығында кәсіби әлеуметтанушылар бар ма, жоқ па – ол да мен үшін белгісіз. Бар болса, таныр едім.  Шынымен сауалнама жасады ма, жоқ па – көзіммен көрмеген соң, оны да айта алмаймын. Бұл жерде мәселе басқада. Әлеуметтану – ғылым. Соған сай әлеуметтік сауалнама жүргізудің методологиясы, қатаң тәртібі бар. Мұндай жұмысты жүргізу үшін әлеуметтану институтының белгілі бір аймақтарды қамтитын желісі болуы керек. Біз сұрау салушылардың колына анкета беріп жіберіп қана қоймаймыз, кейін дәл сол сұрау салушының ізімен бақылаушыларды жібереміз. Мұндағы мақсат – сауал жүргізуші шынымен нақты адаммен жолықты ма, жолықпады ма, соны анықтаймыз. Сонымен қатар «Орташа статистикалық қазақстандық» деген түсінік бар. Біз осындай адамдардан сұраймыз. Ал партияның жанынан құрылған әлеуметтану институттары сауалнаманы партияның филиалдары арқылы жүргізеді. Филиалдарда, сөз жоқ, сол партияның жақтастары отыр, олардың сұрау салатын таныстары да – соларға пікірлес адамдар, сол партияға қолдау білдіріп, анкета толтырады. Оларды қалайша «Орташа статистикалық қазақстандық» деп айтамыз?! Сондай-ақ кейбір әлеуметтану құрылымдары сауалнама жүргізген территорияны, қанша адам қатысқанын, жынысын, ұлтын, кәсібін, жасын көрсетпейді. Мысалы, бір қаланы алайық. Онда қанша ұлт тұрады, әйелдер мен еркектердің саны қанша, қаншасы жас, қаншасы орта жаста, қаншасы кәрі және тағы басқа қала халқы туралы статистикалық мәліметті аламыз. Осыған сай сұралатын адамдардың пропорциясын – «Мұнша әйел, мұнша еркек, мұнша қазақ және т.б. с.с. сұралу керек» деп анықтаймыз. Солай жүргізілген сауалнама ғана сол қаланың тұрғындарының шынайы көңіл-күйін білдіреді. Біз сауалнаманы осылай жасаймыз. Ал басқалардың қалай істеп жатқандығын жұмысының сапасын көрмей тұрып, айта алмаймын.
- Бақытжамал ханым, сіздердің де әлеуметтік сауалнамаларыңызға сенімсіздікпен қарайтындар бар. Бұдан бұрынғы сауалнамаларыңызда «Ақ жол» партиясын екінші орынға қойғанда, ЖСДП-ға қарасты басылымдардан сын айтылды.
- Саяси партиялар мен олардың лидерлері өздерінің кемшілігін басқа біреуден көреді. Мұның алдындағы Парламент сайлауында сауалнама жүргіздік. Сауалнама нәтижелеріне қарасақ, «Асар» партиясы «Отаннан» кейінгі екінші орында тұр. Шындығында, «Асар» сайлау кампаниясына мықты ресурспен шыққан болатын. Осы зерттеуді жариялап едік, оппозициялық басылымдар бізге дүрсе қоя берді. Тіпті біздің жұмысымызға барынша кедергі жасап бақты. 2002 жылы босап қалған бірнеше депутаттың орнына бір мандаттық округтан сайлау өтті. Павлодардан Қарлығаш Жақиянова түсті. Дауыс беру жүріп жатқанда біз экзит-пол сауалнамасын жүргізгенбіз. ДВК-ның белсенділері «АСИП-тің сұрау салушыларына жауап бермеңдер!» деп сайлаушыларды үгіттеді, сауалнама жүргізуге кедергі жасады. Соған қарамай, біз экзит-пол жасап шықтық. Сайлаушылардың басым бөлігі Қ.Жақияноваға дауыс бергенін айтып, дауыс беру нәтижелерінің бұрмаланғанын мәлімдедік. Бұған дейін біздің сауалнамамызды терістеп, бізге жауығып жүрген ДВК белсенділері аунап түсіп, біздің мәліметтерді негізге алып сөйлейтін болды. Мен осындай демократтарды түсінбеймін. Олар шындықтан қорқады. Өйткені, халықаралық демократиялық ұйымдар оппозициялық партияларды артында халық бар ма, жоқ па – осы көрсеткіш арқылы бағалайды. Сондықтан әлеуметтік сауалнамалардан, қоғамның пікірінен қорқады.
- «Біздің рейтингімізді жоғары етіп көрсетші» деген ұсыныс немесе қоқан лоққы жасап, қорқыту болып тұра ма?
- Мені сатып алу мүмкін емес екенін бәрі түсінеді. «Қорқыту болды» деп те айта алмаймын. Билік те біз сияқты тәуелсіз сараптама орталығы болғанын теріс көрмейді. Оларға да өзінің шынайы шамасын бағамдайтын айна керек. Президенттік сайлау кезінде биліктің шақыртуымен шетелден, әсіресе ТМД елдерінен бірнеше әлеуметтану ұйымдары келіп, жұмыс істеді. Олардың бәрі өздерінің зерттеулерінде Н.Назарбаевтың беделін жоғары етіп көрсеткен. Бұған күмәнданған биліктегі саяси технологтар Н.Назарбаевтың шынайы рейтингін білмек болды. Олар бізге арнайы тапсырыс берді. Арнайы жасалған сауалнама нәтижелері жария етілмейді, тек тапсырыс берушіге ғана беріледі. Біздің зерттеу Н.Назарбаевтың беделі айтып жүргеннен әлдеқайда төмен екенін көрсетті. Кейін биліктегі саяси технологтар осы мәліметті алып, қандай бағытта жұмыс жасау керектігін анықтаған болар.
Ал жұртқа жария ететін әлеуметтік зерттеулерді халықаралық ұйымдардың немесе өзіміздің қаржымызға жүргіземіз. Бұл – саяси партиялар үшін біздің жасап жатқан көмегіміз. Біздің мәліметтерге қарап, әр партия бұдан былай не істеудің амалын ойластырады. Біз әрқашан қоғамдағы шынайы көңіл-күйді беруге тырысамыз. Бұл өзіміз үшін де маңызды. Өйткені, әлеуметтану институты ретінде біз де өзіміздің беделімізді көтеріп отыруымыз керек. Сондықтан сауалнаманы жоғары кәсіби деңгейде жасауға, АСИП-тің атына кір келтірмеуге тырысамыз. Халықтың сенімінен айрылған әлеуметтану институтының болашағы жоқ.

Сұхбаттасқан Оразымбет ӘЛІМБЕКОВ «Ар.kz»
«Ар.kz» республикалық қоғамдық-саяси газеті, № 28 (52), 03.08.2007жыл

Средняя: 3.3 (10 оценок)

Социлоог права. Новые демократы погубили коммунистов, имевших реальный электорат.

Комментарии

Кайдагы умный, нагыз тупица.Аузына келгенин айта береди. жаксынын айтканынан жамманннын сандырагы келдеи.

Ия, сiз ендi Асылбек деген социологты тындандар. Оте моте якшы социолог: - )))

Асылбек Абдулов ОСДП га Работат етип ятипти. Это понятно. Продажный черт. Журналист не можеть стать социологом. Тушиндин бе.Кругом шошкалар каптап кетти. Манипуляция яшап жур.

Бакитжамал АСАР турали дурус айткан жок. Катын партия курып катырушы ма еди.ДУРА

Жанбусинов Алтынбек умный мальчик его все бабы любят, алтынгуль умная, секси 9-го корпуса

Мына жазѓандардыњ барлыѓы µз тіліне ие бола алмайтындар, халќымыздыњ тµменгі дењгейініњ ойлары. Еш ќатысы жоќ сµздер, бос сандыраќ!

Ей қазақтар сендерге не болған. Біб бірлеріңді жерге тыққанша неге көтермейсіндер бұларың ұят!